Бюджеттің игерілуіне қатысты есеп берілді

  • 130
  • 18.06.2025, 18:37

Мәжіліс депутаттары Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның бюджеттің атқарылуы жайлы есебін тыңдады. Республикалық бюджет кірісі былтыр 19,6 триллион, ал шығыс 23 триллион теңге болған. Жоспар 97 пайыздан асыра орындалыпты. Әлеуметтік міндеттер толық жүзеге асырылған. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және саудада өсім бар.

Тақырып өзекті. Сұрақтың көп болатыны да сондықтан. Алдымен қаржы министрі Мәди Тәкиев есеп беріп, негізгі сандарға тоқталды.

Былтыр бюджеттен ел қажеттілігіне 23,6 трлн теңге жаратылыпты. Оның ішінде әлеуметтік салаға 8,8 трлн теңге, ал өңірлерді дамытуға 7,1 трлн теңге бөлінген. Ал ұлттық жобаларға 751 млрд теңге жұмсалыпты. Соның нәтижесінде 105 жаңа мектеп салынған. Кіріске келсек, 2024 жылы оның көлемі 19,6 триллион теңгеге жеткен. Бұл межеленген жоспардан кем.

Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:

- Кірістер бойынша түсімдердің төмендеуіне келесі факторлар әсер етті. Біріншіден, әлемдік геосаяси жағдайға байланысты кейбір өндіріс көлемі қысқаруы мен логистикалық шығындардың өсуіне байланысты 188 кәсіпорын бойынша түсімдер 1,4 трлн тг азайды. Екіншіден, бюджет есебінен 1 трлн 216 млрд тг сомасында қосылған құн салығының қайтаруы орын алды.

Қаржылық проблемаларға қарамастан, Үкімет өзінің әлеуметтік міндеттерін толығымен орындады. Атап айтқанда жалақы, зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер уақытылы төленді. Жалпы жыл ішінде бюджет 12 рет түзетіліпті. Дегенмен 526 млрд теңге игерілмей қалған. Ал Жоғары аудиторлық палата 154 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықтапты. Депутаттар әсіресе кірістің өспей тұрғанына алаңдаушылық білдірді.

Ұласбек Сәдібеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бүгінде көлеңкелі экономика әлі де жоғары. Бейресми жұмыс істейтін адамдар әлі де көп. Сондай-ақ экономикалық өсімді ынталандыру мен инфиляцияны бақылау шаралары жеткіліксіз болып отыр. Бюджеттің жоспарланған жалпы параметрлері орындалды.

Есептерге сәйкес, былтыр Қазақстан экономикасы шикізаттық емес секторында өсім тіркелген. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,8 пайызға, ауыл шаруашылығы және құрылыс 13 пайызға, сауда 9,1 пайызға жоғарылапты.

Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков